spot_img

Елімізде азаматтарға құқықтық кеңес беретін жасанды интеллект әзірленіп жатыр

СІЗГЕ ҚЫЗЫҚ БОЛУЫ МҮМКІН

Елімізде азаматтарға құқықтық кеңес беретін жасанды интеллект әзірлеу қолға алынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» агенттігі.

«Қазақстан университеттерімен жұмыс тобын құрдық. Қазақ ұлттық техникалық университетінде (Сәтбаев университеті) «Құқықтық кеңес беру бойынша жасанды интеллект» гранты бар. Келесі үш жылда Сәтбаев университеті адамдарға жасанды интеллект көмегімен кеңес алуға жәрдемдесетін жасанды интеллект әзірлейді. Әріптестерімізбен меморандум жасасамыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде суперкомпьютер бар. Олармен де аталған суперкомпьютерде Қазақстан ішінде жасанды интеллектінің барлық модулін іске қоса алу үшін меморандум жасастық», — деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұл жұмысқа Қарағанды университеті де қатысады. Бұл жоғары оқу орнында «Судьяларға шешім қабылдауға қолдау көрсетуге арналған жасанды интеллект» гранты бар. Аталған жүйе студенттердің білім алуына жәрдемдесіп, адвокаттар үшін сот шешімдерін сараптауда пайдалы болмақ.

Сондай-ақ Қазақстан нарығында жұмыс істейтін компаниялармен де ынтымақтастық жолға қойылып жатыр. Zan Komegi мобильді қосымшасы арқылы 24/7 режимде азаматтарға құқықтық кеңес беруге арналған жасанды интеллект элементтері бар чат-бот та әзірленген. Қазіргі уақытта ол сынақтан өтіп жатыр.

Алдағы уақытта Сәтбаев университетінде Халыққа қызмет көрсету орталығы сияқты «заңгерлік клиника» ашылмақ. Азаматтар одан түрлі мәселеге қатысты кеңес ала алады.

spot_img

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР