spot_img

«Бірінші курс студенті ашқан»: Астанада мүгедектігі бар жандар ғана жұмыс істейтін ерекше кафе туралы не білеміз (фото, видео)

СІЗГЕ ҚЫЗЫҚ БОЛУЫ МҮМКІН

Астанада ерекше инклюзивті кафе бар. Бұл дәмханада мүгедектігі бар жандар ғана жұмыс істейді. Мейірімді насихаттайтын дәмханаға Khabar TANYM тілшісі барып қайтып, жобаны іске қосқан азаматпен тілдесті, деп хабарлайды SaqTimes.

«Осы кафені бірінші курста оқып жүргенде ашқанмын. Бұл жобаны 2016 жылы бастадық. Басында бізде ештеңе болған жоқ. Тек қана психоәлеуметтік центрмен, ең басты психиатриямен тренинг бастадық. Сосын 2017 жылы бізді Назарбаев университеті қолдап, осы жерді берді. Содан бері жұмыс істеп жатқанымызға сегіз жыл болды», — дейді әлеуметтік дәмхананың негізін қалаушы Мәулен Ахметов.

Бүгінде «Күнде» дәмханасында диагноздары әр түрлі 24 жан жұмыс істейді. Олар бір ай арнайы сабақтан өтіп, даяшылықтың қыр-сырын меңгеріп алған. Арасында бариста, аспаздың көмекшісі, ыдыс жуатын қызметкерлер де бар. Екінші топ мүгедегі Гүлсапар да осы ұжымның мүшесі болғанына дән риза.

«Ең бастысы бұл біз үшін шексіз мүмкіндік беретін кафе деп айтсақ болады. Бұл кафеде бәрі ұйымшыл, барлығы жақсы, маған ұнады. Істеп жатқаныма тура жарты жыл болды», — дейді Гүлсапар.

Гүлсапар
Гүлсапар. Кадр: Khabar TANYM

Кей қызметкерлер үшін бұл тек мейірімге толы дәмхана емес, сонымен қатар махаббат мекеніне айналған. Бұл ерекше дәмханада бірге қызмет етіп, көңіл жарастырып, отбасын құрғандар да бар екен. Солардың бірі, шаңырақ көтергеніне 3 жыл болған Қуаныш пен Әсел.

Әсел мен Қуаныш
Әсел мен Қуаныш. Кадр: Khabar TANYM

«Біз 2014 жылы таныстық. Кафеде бірге жұмыс істеп, таныстық. Бір-бірімізді ұнатып қалдық. 2022 жылы тұрмысқа шықтым. Үйіме туған күнге келіп, сырға салып, алып кетті», — дейді ол.

Бұл әлеуметтік жобаның негізгі мақсаты табыс табу емес. Дамуында өзгешелігі бар жандарды қоғамға бейімдеу. Өмірде өз жолын тауып, жұмыс істеуіне мүмкіндік беру. Қазір Алматы қаласында осындай екі дәмхана жұмыс істейді.

Жоба жетекшісі енді Қазақстанның әр қаласында ерекше кафе ашып, әлеуметтік кәсібін кеңейткісі келеді.

spot_img

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР