2025 жылы 17 қазанда Алматы облысы Алатау қаласындағы №5 орта мектепте қазақтың көрнекті ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған ерекше шара өтті. «Абай әлемі» деп аталатын кештің мақсаты — қазақтың бас ақыны, ұлы дана, ойшыл, сазгер Абай Құнанбаевтың мол мұрасын насихаттау.

Шараға Алатау қаласы әкімінің орынбасары Несіпбаева Гүлбану Сейткенқызы, Алатау қаласы Білім бөлімінің басшысы Гүлжан Жұбаевна, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері Болат Әзімбайұлы, ҚР Жастар одағы «Серпер» және Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның Жазушылар одағының «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлібек Шегебай, «Жас алаш» газетінің бас редакторы, абайтанушы, жас ғалым Бағашар Тұрсынбайұлы, сонымен бірге Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, философия ғылымдарының докторы (PhD), аға оқытушы, «2022 жылдың Үздік педагогі, Малик Майра Маликқызы және т.б. қатысты.

Шара барысында қонақтар Абай Құнанбайұлының мұрасын зерттеу және насихаттау бойынша жасаған еңбектерін, қосқан үлесі туралы айтып өтіп,қонақтарға ұлы ақын өмірі мен шығармашылығын насихаттаудың маңызын түсіндірді.

Оның ішінде Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектептің ұстаздары ерекше көзге түсті. Мәселен, Абай мұрасын оқытудағы кеңейту, кіріктіру және тереңдету бағыты бойынша педагог-зерттеуші, математика пәні мұғалімі Мұхамеджанова Ақмарал «Математика арқылы Абайды таныту» деп аталатын еңбегін таныстырды.

Кеш барысында қонақтар Абайдың мол мұрасы туралы ой толғап, ғалымдар жасалып жатқан жұмыстарға тоқтала кетті. Ақын Әлібек Шегебай ұлы ақынның қара сөздерін өлеңге айналдырудың мәнін түсіндірді.

Одан бөлек мектеп оқушылары Абайдың қара сөздерінен үзінді оқып, өлеңдерін жатқа айтып, көрермендерді қуанта түсті.

Шара концерттік бағдарламамен жалғасты.



