spot_imgspot_imgspot_imgspot_img

Батырлық, ерлік туралы мақал-мәтелдер

Сізге қызық болар

Gaukhar Aibulatovna
Gaukhar Aibulatovna
Заң ғылымдарының докторы. 2011 жылы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетін бітірген, 2014 жылы Ланьчжоу университетінде магистр дәрежесін алған, ал 2017 жылы Шанхай халықаралық зерттеулер университетінде PhD дәрежесін алған. Еңбек жолын 2017 жылы Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығында саяси бөлімнің хатшысы болып бастады. Жылдар бойы жеке компанияларда аудармашы болып жұмыс істеді. Қазіргі уақытта аударма, редакциялау, жобалар мен кәсіпкерлік бағытта жұмыс істейді. Машығы: мақалалар жазу; қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдеріндегі мәтіндерді аудару. Мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және веб-сайттар жасау. Кез келген салада күрделі мәтіндерді аударып, кез келген тақырыпта материал жаза алады.

Ерлік, батырлық — ең асыл қасиеттердің бірі. Ата-бабамыз жүрегінің түгі бар, қайсар адамдарды қашан да жоғары бағалаған. Осы орайда SaqTimes басылымы ауыздан ауызға тараған ерлік пен батырлық туралы мақал-мәтелдерді түрлі кітаптардан жинақтап, көптің назарына ұсынады.

  • Елін сүйген ерлік істейді.
  • Айлалы батыр алдырмас.
  • Жауды күшті деме —
    Ерлік қылсаң, жығасың.
    Тауды биік деме —
    Талап қылсаң, шығасың.
  • Батыр — жай күні бір адам,
    Жау көрінсе — мың адам.
  • Еркіндік пен ерлік — тағдырлас.
  • Бала болғанын білмес,
    Батыр толғанын білмес.
  • Нар тәуекел — ер ісі.
  • Батыр жарқырап жүреді,
    Қорқақ қалтырап жүреді.
  • Ер азамат белгісі —
    Түзде мырза, үйде құл.
  • Батыл болмай, батыр болмайсың.
  • Ер — намысының құлы.
  • Батыр — елдің сәулеті,
    Бал құрақ — көлдің сәулеті.
  • Ел үмітін ер ақтар,
    Ер атағын ел сақтар.
  • Ер қанаты — ат.
  • Батырлық білекте емес, жүректе.
  • Елдің даңқын ел шығарады
  • Шын батыр сын үстінде танылар.
  • Ер кезегі үшке дейін.
  • Ер бесіктен танылар.
  • Жауынгерге жара да жарасады.
  • Ханның бәрі Абылай емес,
    Батырдың бәрі Абығай емес.
  • Болат егелуге көнсе де,
    Иілуге көнбейді.
  • Ерлікте қорлық жоқ.
  • Батыр — жарасыз,
    Сұлу жаласыз болмас.
  • Атты тісіне қарап таны,
    Ерді ісіне қарап таны.
  • Батырдан — сауға (ред. ескертпесі: сауға — соғыстан түскен олжадан не ауланған аңнан берілетін сый),
    Мергеннен — сыралқы (ред. ескертпесі: сыралқы — аңшының серіктестеріне беретін атқан аңының бір саны не қолы).
  • Батырлық айқаста танылады.
  • Ер өлсе де — аты өлмейді.
  • Төзім — ердің тірегі.
  • Ерлікке де ептілік керек.
  • Өз басыңды дауға берсең де,
    Жолдасыңды жауға берме.
  • Айнымас жүрек, нар көңіл —
    Ер жігіттің серігі.
  • Айбындана шапқаннан ажал сескенеді.
  • Елдің тынысы ер.
  • Ұранды ердің ұрпағы қайсар.
  • Батыр туса — ел ырысы
    Жаңбыр жауса — жер ырысы.
  • Болат қайнауда шынығады,
    Батыр майданда шынығады.
  • Қатты жерге қақ тұрар,
    Қайратты ерге бақ тұрар.
  • Шын ер жеңсе тасымас,
    Жеңілсе, жасымас.
  • Оқ жетпес жерге қылыш суырма.
  • Күш атасын танымас.
  • Батырдың да басы екеу емес.
  • Ер айтпас,
    Айтса, қайтпас.
  • Ер аруағы — қаруы.
  • Ер — егіз,
    Еңбекте жалғыз.
  • Жасақсыз батыр жау жеңбес.
  • Арпасыз ат қыр аспас,
    Арқасыз батыр қол жимас.
  • Ерлікте шек жоқ,
    Жақсыда шек жоқ.
  • Өркөкірек жігіттен
    Ер көкірек егде артық.
  • Жауға барсаң, бәрің бар,
    Дауға барсаң, біріңі бар.
  • Қос ұл туған қатынды
    Ханым десе болады.
    Ел қорғаны батырды
    Нарым десе болады.
  • Шөлде суыңды сақта,
    Соғыста туыңды сақта.
  • Батырға таяқ та — жарақ.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Мақал-мәтелдер. — Алматы: Атамұра, 2023. —232 бет;
  2. Бабадан қалған байлығым. Қазақ мақал-мәтелдері. — Алматы: «Атамұра», 2023. — 408 бет.
spot_img

Соңғы жаңалықтар