Биыл Маңғыстау облысында 13 мыңнан астам оқушыны қамтитын 14 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12600 орындық 13 мектеп, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың демеушілік қаражаты есебінен 1200 орындық 1 мектеп қолданысқа берілді, деп хабарлайды Маңғыстау облысының әкімдігіне сілтеме жасаған SaqTimes басылымы.
2024 жылмен салыстырғанда үш ауысымда оқитын мектептердің саны 7 бірлікке қысқарып, 10 мектептен 3 мектепке дейін азайды. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай баяндады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сенсек, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 588 орындық екі мектепке қосымша жапсарма салу жұмыстары жүргізіліп, нысандар Жаңаөзен қаласы мен Түпқараған ауданында пайдалануға берілді.
Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған Ақтау мен Мұнайлыда әрқайсысы 150 орындық 2 балабақшаға жертелімдері бөлініп, олардың құрылысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы бастау жоспарланып отыр.
Биыл мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спортта дарынды балаларға арналған 300-ге жуық жас спортшыға білім беретін мектеп-интернат- колледжі пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының медициналық инфрақұрылымды дамыту тапсырмасына сай биыл Мұнайлы ауданында 150 төсектік аурухана, облыстық онкологиялық орталықтағы позитронды эмиссиялық томография орталығы, Бейнеу ауданындағы «Қамқорлық» оңалту орталығы пайдалануға берілді. Ақтау қаласында жаңа жедел жәрдем станциясының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ облыс әкімінің қолдауымен маңғыстаулық дәрігерлер шет елдерде тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырды.



