Елорда әкімдігі қалалық және қала маңына қатынайтын автобустардағы жолақының сараланған тарифтерін бекітетін қаулы жариялады. Жол ақысы енді бағыт түрі мен төлем тәсіліне байланысты 150-ден 400 теңгеге дейін өседі, деп хабарлады saqtimes.kz.
Астана автобустарындағы жол ақысының жаңа тарифтері:
Қалалық және әлеуметтік маңызы бар бағыттар:
- 150 теңге — қолма-қол ақшасыз төлем (көлік картасы, QR-код, мобильді қосымшалар арқылы);
- 300 теңге — қолма-қол ақша арқылы төлейтіндерге.
Экспресс-бағыттар:
- 300 теңге — қолма-қол ақшасыз төлейтіндерге;
- 400 теңге — қолма-қол ақша арқылы төлейтіндерге.
Қала маңына қатынайтын бағыттар (жолдың әр километріне бекітілген баға):
- 13 теңге — қолма-қол ақшасыз төлейтіндерге;
- 19 теңге — қолма-қол ақша арқылы төлейтіндерге.
Жеңілдігі бар азаматтар санаты:
- 0 теңге (арнайы жеңілдігі бар картамен төлейтіндер).
Құжатта автобус ішіндегі электрондық төлем жүйесі (валидаторлар немесе төлем қызметтері) жұмыс істемеген жағдайда, қолма-қол ақшасыз есеп айырысатын жолаушылардың тегін жүруге заңды құқығы бар екені сөз етілген.
«Электрондық жолақы төлеу жүйесі жарамсыз болған жағдайда электрондық жол жүру құжаты немесе электрондық төлемнің қосымша қызметтері арқылы төлемді жүзеге асыратын жолаушы тегін жол жүруді пайдаланады», — делінген қаулы мәтінінде.
Еске сала кетейік, елордада соңғы 12 жылда жол ақысы бір-ақ рет қайта қаралып, қазіргі уақытта 110 теңгені құрайтыны бұған дейін хабарланған болатын.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


