spot_imgspot_imgspot_imgspot_img

ЛРТ мен метро салу: Алматының көлік байланысына 2040 жылға дейін қандай өзгерістер жасалмақ

Сізге қызық болар

Gaukhar Aibulatovna
Gaukhar Aibulatovna
Заң ғылымдарының докторы. 2011 жылы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетін бітірген, 2014 жылы Ланьчжоу университетінде магистр дәрежесін алған, ал 2017 жылы Шанхай халықаралық зерттеулер университетінде PhD дәрежесін алған. Еңбек жолын 2017 жылы Алматыдағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығында саяси бөлімнің хатшысы болып бастады. Жылдар бойы жеке компанияларда аудармашы болып жұмыс істеді. Қазіргі уақытта аударма, редакциялау, жобалар мен кәсіпкерлік бағытта жұмыс істейді. Машығы: мақалалар жазу; қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдеріндегі мәтіндерді аудару. Мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және веб-сайттар жасау. Кез келген салада күрделі мәтіндерді аударып, кез келген тақырыпта материал жаза алады.

Алматыны 2040 жылға дейін дамытуға арналған Бас жоспар жобасына сәйкес, қалада «Тарихи орталық», «Шығыс қақпасы», «Батыс», «Оңтүстік-батыс» және «Солтүстік» сынды бес ірі полиорталық құру көзделген. Бұл туралы «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының басшысы Асхат Сәдуов айтты, деп хабарлайды Алматы әкімдігіне сілтеме жасаған SaqTimes.

Алматыда 2040 жылға дейінгі қала дамуын айқындайтын Бас жоспарды түзету жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр.

Cәдуовтің айтуынша, бұл полиорталықтарда қала тұрғындары дәл оратылқтағыдай сауда жасап, бос уақытты тиімді өткізу сынды т.б. қызмет түрлерін ала алады.

«Бүкілқалалық біртұтас жүйеге айналдыру үшін бес полиорталықты біріктіру керек», – деді Асхат Сәдуов.

Полиорталықты дамыту стратегиясы аясында Алматыдағы метро желісін әуежай мен Алатау қаласына дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ спикер ЛРТ желісін дамыту жоспары жайлы айтты. Алдын ала жоспар бойынша жеңіл рельсті трамвай желісі болашақтағы «Барлық» метро бекетінен Төле би көшесі арқылы «Алматы-II» теміржол вокзалына дейін жетеді. Одан әрі ЛРТ желісі Райымбек даңғылы бойымен «Шығыс қақпасы» бағытына жалғасады. Кейін ЛРТ желісі оңтүстікке қарай тартылады.

«Шығыс қақпасы»

Түрксіб ауданының сәулетшісі Алмас Манияров қаланың Бас жоспарына енгізіліп жатқан өзгерістер аясында ауданды дамытудың негізгі жобалары туралы айтты.

Оның айтуынша, Түрксіб ауданында іскерлік, әлеуметтік және демалыс қызметтерін біріктіретін жаңа «Шығыс қақпасы» полиорталығын құру көзделген. Бұл полиорталық мегаполистің өсу нүктелерінің біріне айналмақ. Сонымен қатар ауданда халықаралық деңгейдегі спорт стадионын салу жоспарланып отыр.

«Ауданымызда «Шығыс қақпасы» полиорталығын дамыту қарастырылған. Бұдан бөлек халықаралық деңгейдегі стадион салу жоспарланып отыр. Оның маңында әлеуметтік, мәдени және демалыс нысандары, сондай-ақ заманауи тұрғын үй кешендері бой көтереді. Сәулеттік стиль қатаң сақталып, тұрғын үйлер жоғары стандарттарға сай болады», — деді Алмас Манияров.

Сондай-ақ ол жоба аясында Сейфуллин көшесінен бастап теміржол вокзалына дейінгі аумақта ескі тұрғын үйлерді жаңарту, мектептер, балабақшалар мен емханалар салу, сондай-ақ көше-жол желісін дамыту көзделгенін мәлімдеді. Атап айтқанда, Хмельницкий көшесін Құлжа тас жолына дейін ұзарту жоспарланған. Рысқұлов даңғылынан әуежай маңындағы көлге дейінгі аумақты көріктендіріп, серуендеу аймағы мен қоғамдық кеңістік құру да жоспарға енген.

Алмас Манияровтың айтуынша, Бас жоспарды түзету қала үшін маңызды. Бұл Алматының орталық бөлігін ғана емес, төменгі аумақтарын да бірдей дамытуға, мегаполистің барлық бөлігінде өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

«Батыс»

Алматыда 2040 жылға дейінгі қаланың Бас жоспарын түзету бойынша қоғамдық тыңдаулар аясында «Батыс» полиорталығын дамыту тұжырымдамасы таныстырылды.

Талқылаудың үшінші күні «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының директоры Асхат Сәдуов «Алматы-3» жаңа теміржол вокзалы орналасқан аудан мен Боралдай кентіндегі көлік-логистика торабын заманауи қала кластеріне қалай айналдыру жоспарланып отырғанын айтып берді. Мұнда экологиялық өндірістер, жұмыс орындары, жасыл аймақтар мен дамыған әлеуметтік инфрақұрылым қарастырылған.

Асхат Сәдуовтың айтуынша, «Батыс» полиорталығы Алматының өсуіндегі негізгі нүктелердің бірі болып, заманауи өндіріс, логистика және қоғамдық кеңістіктерді дамытуға бағытталады. Бұл аймақта 1-Алматы индустриялық аймағын, фармацевтикалық өндірістерді орналастыру, сондай-ақ «Сақ қорғандары» маңында рекреациялық парк салу жоспарланған.

«Біз негізгі қалалық функцияларды жасыл қаңқа мен өзгерістер ауқымын ескере отырып, барынша тиімді қайта бөлуді көздедік. «Батыс» полиорталығы қаланың басқа бөліктерімен жылдам рельсті көлік арқылы байланысады», – деді Асхат Сәдуов.

Жобаның негізгі мақсаттарының бірі – экологиялық өндірісті дамыту және зиянды кәсіпорындарды кезең-кезеңімен тұрғын аймақтардан тыс аумаққа көшіру. Бұл аймақта өмір сүруге және жұмыс істеуге қажетті толыққанды инфрақұрылым қалыптастыру көзделген. Полиорталықта ЛРТ депосы, сызықты рекреациялық саябақ пен көпсалалы аурухана кешені пайда болады.

«Бұл жерде инженерлік те, әлеуметтік те жағынан сапалы нақты инфрақұрылым болғанын қалаймыз. Бұл жарықтандырылған, қауіпсіз әрі әлеуметтік белсенді кеңістіктер, олар тұрғындардың қажеттіліктеріне қызмет етуге тиіс», – деді ол.

Жоба аясында ашық қоғамдық кеңістіктер мен маңызды нысандарға бағытталған көріністі сақтау мәселесіне басымдық берілген.

«Біз үшін қаланың түрлі нүктелерінен көрнекі нысандар мен қалалық ортаның бұрыннан орныққан элементтері айқын көрініп тұруы аса маңызды. Саябақ полиорталықтың жүрегіне айналады – бұл қоршаусыз, тәулік бойы, аптаның 7 күні қолжетімді ашық қоғамдық кеңістік. Біз көрініс дәліздерін, мысалы, мешіт сияқты қолданыстағы инфрақұрылым нысандарына арнайы бағыттадық. Мұндай элементтерді қалыптасқан ортаға сауатты түрде енгізу маңызды», — деді Асхат Сәдуов.

Жалпы, «Батыс» полиорталығының тұжырымдамасы қалалық ортаны қалыптастыруда ландшафттың басымдығына негізделген.

«Қаланы сәулеттен емес, ландшафттан бастап қалыптастыру өте маңызды. Жоғары ландшафтық эстетикасы бар саябақ орталық элемент ретінде және сапалы қоғамдық кеңістіктер құрылыстың негізіне айналуға тиіс», — деді Асхат Сәдуов.

Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына түзетулер енгізу бойынша қоғамдық тыңдаулар жалғасып жатыр. Қала тұрғындарының ұсыныстары құжатты әрі қарай пысықтау кезінде ескеріледі.

spot_img

Соңғы жаңалықтар