spot_imgspot_imgspot_imgspot_img

Жасанды интеллект негізінде су ресурстарын басқару: Қазақстан жаңа цифрлық модельге қадам басты

Сізге қызық болар

2026 жылғы 8 сәуірде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Қытай Ғылым академиясы мен Чжэцзян технологиялық университетінің жетекші ғалымдарымен бірлесіп маңызды ғылыми-тәжірибелік кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы.

Іс-шара су ресурстарын басқарудың жаңа цифрлық моделін қалыптастыруға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға арналды.

Кездесудің басты мақсаты – Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жүйелі мәселелерді шешу және су ресурстарын басқарудың тиімді, заманауи тәсілдерін енгізу.

Жасанды интеллект негізінде су ресурстарын басқару
Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы

Су ресурстары: өзекті мәселелер мен сын-қатерлер

Бүгінде Қазақстанның су жүйесі күрделі экологиялық және инфрақұрылымдық мәселелерге тап болып отыр. Сарапшылардың мәліметінше:

  •  Тянь-Шань мұздықтарының жартысына жуығы жойылып, бұл болашақта су тапшылығын күшейтуі мүмкін;
  • су ресурстарының 44,3%-ы трансшекаралық, яғни сыртқы факторларға тәуелді;
  • алынған судың тек 42%-ы ғана тұтынушыға жетеді;
  • 13 мың шақырымнан астам суару арналары толық цифрлық бақылауға алынбаған;
  • су балансының нақты болмауы шығындардың айтарлықтай өсуіне әкелген.
    Бұл жағдайлар су ресурстарын басқарудың қазіргі жүйесі деректердің шашыраңқы және тиімді болжау құралдарының жетіспеушілігімен сипатталатынын көрсетеді.
Жасанды интеллект негізінде су ресурстарын басқару
Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы

DeepBAS: су саласындағы цифрлық серпіліс

Іс-шара барысында DeepBAS (Deep Basin Spatiotemporal AI) жобасы таныстырылды. Бұл жоба су ресурстарын басқаруды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған интеллектуалды платформа болып табылады.

Жобаның негізгі ерекшелігі – ұлттық су жүйесінің цифрлық егізін қалыптастыру. Ол:

  •  су ағындарын дәл болжауға;
  • құрғақшылық пен тасқын сценарийлерін модельдеуге;
  • су ресурстарын тиімді бөлуге;
  • суару жүйелерінің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ DeepBas, SHANG SHAN (Tuduo) және SIGMA сияқты инновациялық шешімдер ұсынылып, үлкен деректер мен жасанды интеллектке негізделген басқару жүйелері таныстырылды. Қазақстанның су ресурстары саласындағы өзекті мәселелерге тоқтала отырып, Академия президенті Ақылбек Күрішбаев:

«Бүгінде біз су ресурстарын әлі де бытыраңқы түрде басқарып отырмыз. Жерүсті суларының едәуір бөлігі елімізден тыс қалыптасады, ал алынған судың тек шамамен 42%-ы ғана тұтынушыға жетеді. Бұл бізде тек су тапшылығы ғана емес, су туралы сенімді деректер мен жүйелі білімнің де жеткіліксіз екенін көрсетеді»,- деп өтті.

Жасанды интеллект негізінде су ресурстарын басқару
Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы

Ғылыми негіз және халықаралық серіктестік

Жоба тек технологиялық емес, ғылыми негізделген тәсілге сүйенеді. Қазіргі таңда DeepBAS бағдарламасына арналған ғылыми-техникалық тапсырма әзірленіп, жүйе архитектурасы мен зерттеу бағыттарын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылдан бастап Қазақстан мен Қытай арасында тұрақты ғылыми серіктестік орнатылып, кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму бойынша бірлескен халықаралық зертхана құрылды.

Бұл бастама су ресурстары туралы деректерді – жерүсті және жерасты сулары, климаттық бақылаулар, спутниктік ақпарат, инфрақұрылым мен аграрлық жүктеме көрсеткіштерін – бірыңғай жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді.

Білім мен технология тоғысы

Іс-шара аясында маңызды білім беру бастамалары да жүзеге асты. Чжэцзян технологиялық университетімен бірлескен «Жасанды интеллект» қос дипломды бағдарламасының студенттеріне сертификаттар табысталды.

Бұл бастама «Болашаққа жол: AI дәуірі» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, ғылым мен цифрлық технологияларды біріктіретін жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.

Сонымен қатар робототехника бойынша қос дипломды бағдарлама туралы меморандумға қол қойылып, халықаралық академиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды.

Болашаққа бағытталған қадам

Жоба жетекшілері атап өткендей, жасанды интеллект пен халықаралық білім беру бағдарламаларын дамыту – елдің ғылыми әлеуетін арттыру мен технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторы.

Кездесу қорытындысында бірлескен зерттеулерді дамыту, инновацияларды енгізу және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған нақты іс-қимыл жоспары қабылданды.

DeepBAS жобасын іске асыру Қазақстанның су ресурстарын басқаруда жаңа кезеңнің басталуына жол ашып, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге маңызды үлес қосады деп сенеміз.

spot_img

Соңғы жаңалықтар