spot_img

Батырлық, ерлік туралы мақал-мәтелдер

СІЗГЕ ҚЫЗЫҚ БОЛУЫ МҮМКІН

Ерлік, батырлық — ең асыл қасиеттердің бірі. Ата-бабамыз жүрегінің түгі бар, қайсар адамдарды қашан да жоғары бағалаған. Осы орайда SaqTimes басылымы ауыздан ауызға тараған ерлік пен батырлық туралы мақал-мәтелдерді түрлі кітаптардан жинақтап, көптің назарына ұсынады.

  • Елін сүйген ерлік істейді.
  • Айлалы батыр алдырмас.
  • Жауды күшті деме —
    Ерлік қылсаң, жығасың.
    Тауды биік деме —
    Талап қылсаң, шығасың.
  • Батыр — жай күні бір адам,
    Жау көрінсе — мың адам.
  • Еркіндік пен ерлік — тағдырлас.
  • Бала болғанын білмес,
    Батыр толғанын білмес.
  • Нар тәуекел — ер ісі.
  • Батыр жарқырап жүреді,
    Қорқақ қалтырап жүреді.
  • Ер азамат белгісі —
    Түзде мырза, үйде құл.
  • Батыл болмай, батыр болмайсың.
  • Ер — намысының құлы.
  • Батыр — елдің сәулеті,
    Бал құрақ — көлдің сәулеті.
  • Ел үмітін ер ақтар,
    Ер атағын ел сақтар.
  • Ер қанаты — ат.
  • Батырлық білекте емес, жүректе.
  • Елдің даңқын ел шығарады
  • Шын батыр сын үстінде танылар.
  • Ер кезегі үшке дейін.
  • Ер бесіктен танылар.
  • Жауынгерге жара да жарасады.
  • Ханның бәрі Абылай емес,
    Батырдың бәрі Абығай емес.
  • Болат егелуге көнсе де,
    Иілуге көнбейді.
  • Ерлікте қорлық жоқ.
  • Батыр — жарасыз,
    Сұлу жаласыз болмас.
  • Атты тісіне қарап таны,
    Ерді ісіне қарап таны.
  • Батырдан — сауға (ред. ескертпесі: сауға — соғыстан түскен олжадан не ауланған аңнан берілетін сый),
    Мергеннен — сыралқы (ред. ескертпесі: сыралқы — аңшының серіктестеріне беретін атқан аңының бір саны не қолы).
  • Батырлық айқаста танылады.
  • Ер өлсе де — аты өлмейді.
  • Төзім — ердің тірегі.
  • Ерлікке де ептілік керек.
  • Өз басыңды дауға берсең де,
    Жолдасыңды жауға берме.
  • Айнымас жүрек, нар көңіл —
    Ер жігіттің серігі.
  • Айбындана шапқаннан ажал сескенеді.
  • Елдің тынысы ер.
  • Ұранды ердің ұрпағы қайсар.
  • Батыр туса — ел ырысы
    Жаңбыр жауса — жер ырысы.
  • Болат қайнауда шынығады,
    Батыр майданда шынығады.
  • Қатты жерге қақ тұрар,
    Қайратты ерге бақ тұрар.
  • Шын ер жеңсе тасымас,
    Жеңілсе, жасымас.
  • Оқ жетпес жерге қылыш суырма.
  • Күш атасын танымас.
  • Батырдың да басы екеу емес.
  • Ер айтпас,
    Айтса, қайтпас.
  • Ер аруағы — қаруы.
  • Ер — егіз,
    Еңбекте жалғыз.
  • Жасақсыз батыр жау жеңбес.
  • Арпасыз ат қыр аспас,
    Арқасыз батыр қол жимас.
  • Ерлікте шек жоқ,
    Жақсыда шек жоқ.
  • Өркөкірек жігіттен
    Ер көкірек егде артық.
  • Жауға барсаң, бәрің бар,
    Дауға барсаң, біріңі бар.
  • Қос ұл туған қатынды
    Ханым десе болады.
    Ел қорғаны батырды
    Нарым десе болады.
  • Шөлде суыңды сақта,
    Соғыста туыңды сақта.
  • Батырға таяқ та — жарақ.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Мақал-мәтелдер. — Алматы: Атамұра, 2023. —232 бет;
  2. Бабадан қалған байлығым. Қазақ мақал-мәтелдері. — Алматы: «Атамұра», 2023. — 408 бет.
spot_img

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР