spot_imgspot_imgspot_imgspot_img

«Алтын адамның» жынысы қандай: ғалымдар мәлімдеме жасады

Сізге қызық болар

Ежелгі ДНҚ-ны (aDNA) зерттейтін халықаралық генетиктер мен археологтар тобы б.з.д. I мыңжылдықтағы Еуразия даласын мекендеген сақ-скиф тайпаларының генетикалық құрылымын анықтады. Зерттеу нәтижесі бойынша, ерте темір дәуіріндегі көшпелілер қоғамында билік тек әскери немесе жеке еңбекпен емес, әулеттік (династиялық) сабақтастық арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған, деп хабарлайды Saqtimes.kz.

Ғалымдар Қазақстан мен Ресей аймағындағы қорымдардан табылған 85 адамның (38 элита және 47 қарапайым тұрғын) геномдық деректерін талдады. Оның ішінде 45 жаңа геном жиналса, соның арасында атақты Есік қорғанынан табылған «Алтын Адамның» (GOM001) геномы да бар.

«Алтын Адам» ер адам екені анықталды

Көп жылдан бері ғылыми ортада «Алтын Адамның» жынысы төңірегінде түрлі пікірталастар жүріп келген еді. Геномдық сараптама оның генетикалық тұрғыдан ер адам екенін толық дәлелдеді.

Сонымен қатар  «Алтын Адамның» ДНҚ профилі басқа да сақ тайпаларының генетикалық сипаттамасына толық сәйкес келеді. Тек бойынан Оңтүстік Орталық Азиялық (BMAC) генетикалық компоненттің белгілері сәл көбірек байқалған.

Элитаның генетикалық сыры: Туыстық некелер мен әулет билігі

Зерттеу барысында ғалымдар қоғамдағы әлеуметтік мәртебенің (элита және қарапайым халық) генетикалық туыстықпен қалай байланысқанын сараптады. Ол үшін қорғанның көлемі (биіктігі 1,5–2 метрден асатын), алтын бұйымдар, жылқылардың көмілуі, дромос (кіреберіс дәліз) және бассүйек трепанациясының (мумиялау мақсатында жасалған операция) болуы сияқты белгілер негізге алынды.

Зерттеудің басты ғылыми жаңалықтары:

  • 3-5 буынға созылған династия: Бір-бірінен 50-ден 140 шақырымға дейін қашықтықта орналасқан әртүрлі қорымдарда (Ақбейт, Қарашоқы, Нұркен және т.б.) жерленген элита өкілдері бір-біріне жақын туыс болып шықты. Тіпті Ақбейт қорғанындағы атасы мен Қарашоқыдағы немересінің арасындағы генетикалық байланыс сенімді дәлелденді.

  • Жабық некелік шеңбер (эндогамия): Элита өкілдерінің арасында гомозиготалық аймақтар (ROH) қарапайым халыққа қарағанда 3,5 есе жиі және 6 есе ұзын болып кездеседі. Бұл билеуші таптың билік пен байлықты өз әулеті ішінде сақтау үшін жабық некелік қатынастарға (туысқандық некелерге) барғанын көрсетеді.

  • Туыстық ықтималдық: Статистикалық модельдеу нәтижесі бойынша, екі элита өкілінің бір-біріне туыс болып шығу ықтималдығы қарапайым адамдармен салыстырғанда 11,3 есе жоғары.

Генетикалық құрамы: Сақ-скифтер негізінен үш түрлі арғы тектің қоспасынан тұрады: Батыс далалық (Андроново/Синташта), Шығыс далалық (Монголияның қола дәуірі) және Оңтүстік Орталық Азиялық (Бактрия-Маргиана кешені). Элита өкілдерінің генетикалық құрамы қарапайым халыққа қарағанда біркелкірек болған.

Сақ қоғамындағы әйелдердің жоғары мәртебесі

ДНҚ талдауы сақ элитасының 42%-ын әйелдер құрағанын көрсетті. Олар да ер адамдар сияқты үлкен қорғандарға, алтын әшекейлермен, қару-жарақпен және сән-салтанатпен жерленген.

Танымал мысалдардың бірі — 2013 жылы Шығыс Қазақстаннан табылған б.з.д. V–IV ғасырларға жататын «Үржар ханшайымы» (URD002). Ол алтынмен апталған әсем бас киіммен және емдік өсімдіктермен жерленген. Бұл ежелгі көшпелілер қоғамында әйелдердің тек әлеуметтік және саяси емес, діни-шамандық да жоғары мәртебеге ие болғанын айғақтайды.

Бұл зерттеу Орталық Азияның темір дәуіріндегі көшпелілер қоғамы бұрын ойлағаннан әлдеқайда күрделі иерархиялық жүйеде өмір сүргенін дәлелдеген. Сақ-скифтердегі еңселі қорғандар мен бай жерлеу жоралғылары кездейсоқ батырларға емес, ғасырлар бойы билікті қолында ұстаған беделі жоғары билеуші әулеттерге арналған.

spot_img

Соңғы жаңалықтар