Қапшағай — жаз айларында халық ағылатын танымал демалыс орны. Алайда шуақты жағажай мен толқындардың астында бүтін бір қала — кезінде тіршілігі қайнап жатқан Іле кенті болғанын білесіз бе? Бүгінде ел арасында Қапшағай туралы көптеген алып-қашпа әңгіме, аңыз таралған. SaqTimes.kz тілшісі тұңғиықта жатқан қаланың шынайы тарихына тоқтала отырып, оның төңірегіндегі аңыздарды тарихи құжаттар негізінде саралап көрді.
Бекіністен ірі кентке дейін: тарих не дейді
«E-history.kz» ақпараттық-танымдық порталы бұл мекеннің негізі 1851 жылы Іле пикеті (бекінісі) ретінде қаланғанын жазған. Ол Верный (Алматы) қаласына баратын жолдағы ең басты стратегиялық өткел болды. Портал деректеріне сүйенсек, бұл жердің географиялық маңыздылығын кезінде Шоқан Уәлиханов пен әйгілі саяхатшы П. Семенов-Тян-Шанский өз еңбектерінде ерекше сипаттап жазып кеткен.

Ғасырлар бойы Іле кенті саяхатшыларға Іле өзенінен өтетін өткел ретінде таныс болды.
ХІХ ғасырда Іле кенті туралы ресейлік географтар Лев Берг, Николай Пржевальский, Петр Семенов-Тянь-Шанский, геологтар Иван Мушкетов пен Владимир Обручев, этнограф Григорий Потанин, биолог Алексей Северцовтар өз күнделіктерде жазып кеткен. Жазушы Владимир Таран «Солнечный город» кітабында қала тарихын егжей-тегжейлі зерттеген.
Мәселен саяхатшы Владимир Обручев ХІХ ғасырдың 80 жылдарында Орталық Азияға алғаш рет табан тірегенін жазады. Саяхатшы орта ғасырларда еуропа халықтары азиат көршілермен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуға тырысқан. Сол замандарда көптеген еуропалық, оның ішінде христиандық делегация Орталық Азияға келіп, сол жерде тұратын халықтың тұрмысы, тарихы, мәдениеті туралы ақпараттар жинаған екен.

Бұл өңірге 1253-1255 жылдары келген францискандық монах Гильом де Рубрук Іле өзені туралы былай жазған:
«…сол жерде үлкен өзенге кезіктік, одан кеме арқылы өту керек болды…».
Ал қазақтың белгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов күнделігінде:
«…Іле арқылы өтетін өткелді… Албан руының қазақтары ұстап тұр…, жалпақ түпті қайықпен өтеді. Өткізу тәсілі бүкіл Шығыс үшін бірдей: қайық аттың құйрығына байланып, олар сүйреп шығарады. Қайық өте ескі, қайықшының бірі қайықты басқарып отырса, басқалары киізбен жамалған тесіктерден кірген суды сыртқа төгумен болады», — деп жазған.
Ал Іле қонысы туралы алғашқы жазбалар 1853 жылы қағаз бетіне түскен.
Іледегі халық ши мен қамыс, кендір жіпті өндірумен аты шыққан. Дегенмен ілеліктердің басты кәсібі – балық аулау болды.
Сонымен қоса Іленің жабайы қабан мен Балқаш жағалауы жолбарысын аулаумен аты шыққан. Іледегі соңғы жолбарыстың іздерін аңшылар 1948 жылы кездестірген. Адамдардың өңірді қарқынды игеруі салдарынан жолбарыс 1952 жылы жоғалып кетті деп санайды зерттеушілер.

ХХ ғасырдың ортасында Түрксіб теміржолы салынғаннан кейін Іле кенті гүлденген өндіріс орталығына айналды. Тарихшылардың жазуынша, мұнда:
• Алып локомотив депосы мен теміржол вокзалы;
• Нан өнімдерін өңдейтін үлкен элеватор мен балық зауыты;
• Жергілікті халық мақтан тұтқан жасыл желекті алма бақтары мен тарихи шіркеу жұмыс істеп тұрды.
Яғни қайнап тұрған өмірі бар, тіршілігі бар кент болған.
1969 жылы Алматы өңірін энергиямен және сумен қамту үшін Қапшағай ГЭС-і салынып, Іле өзені бөгелетін болды. Бұл оқиға қаланың мыңдаған халқы үшін оңайға соқпады. Тосыннан туған қонысымен, үйреніскен аймақпен қош айтысып, басқа мекенге көшу, жылы ұясын тастап, қайтадан өмірді жаңа бастау – нағыз қасіретпен тең еді.
Тұрғындар ғасырлар бойы өсіп тұрған зәулім ағаштар мен жайқалған алма бақтарын өз қолымен кесуге, өздері салған үй-жайын тастауға мәжбүр болды. Себебі егер зәулім ағаштар су астында қалса, ол су қоймадан жүретін кемелер үшін қауіпсіз болмас еді.
Халықтың бір бөлігі жаңадан салынған Новоилийск (қазіргі Қонаев) қаласына көшсе, теміржол депосы мен негізгі маңызды инфрақұрылым мамандары маңайдағы шағын Николаевка (кейіннен Жетіген деп аталды (қазір – Алатау қаласының құрамында) бекетіне жедел қоныс аударды. Көне кенттің бүкіл теміржол қуаты Жетіген топырағында қайта жанданды. Алайда уақыттың тығыздығынан ескі қорымдар мен зираттарды, ғимараттардың бетон іргетастарын көшіру мүмкін болмады. Олар су астында қала берді.
Қапшағай тұңғиығы туралы үрейлі аңыздар рас па?
Қала су астына кеткен сәттен бастап, демалушылар мен балықшылар арасында зәрені ұшыратын мистикалық әңгімелер тарай бастады.
Адам жейтін алып жайындар

Бұл — Қапшағайдың ең әйгілі әрі қорқынышты аңызы. Ел аузында су астында қалған ескі үйлердің жертөлелері, теміржол вагондарының қаңқалары мен алып элеватордың бөлмелері су түбіндегі жыртқыштар үшін таптырмас қараңғы баспанаға айналған деген әңгімелер бар.
Балықшылар су түбінде адам бойынан екі-үш есе үлкен, салмағы 300-400 келіге жететін алып жайындар мекендейтінін айтады. Олар су астындағы ескі көшелерді өз аумағы санап, шомылып жүрген адамдарды, тіпті су ішуге келген малдарды аяғынан тартып, тереңге алып кетеді мыс. Кәсіби дайверлер де су астындағы қирандылардың арасынан көзі оттай жанған, алып балықтарды көргенін жиі алға тартады.
Су астындағы зираттар мен елестер

Көшірілмей қалған ескі зираттар халық арасында үлкен қорқыныш тудырады. Түнде су ортасынан ескі пойыздың ысқырығы естіледі немесе су бетінде түсініксіз сәулелер көрінеді деген қауесет бар. Балықшылар түнде су бетінен «көмекке шақырған тұрғындардың елесін көрдік» деп бір-бірін әлі күнге дейін қорқытып жатады.
Су астындағы «орман»
Көшіру кезінде кесіліп үлгермеген ағаштар судың химиялық құрамы мен оттегінің аздығынан шірімей, «тас мүсіндер» секілді су түбінде тұр. Олардың бұтақтары балықтар мен дәл соны мекендейтін алып жайындардың жасырынатын қорқынышты лабиринтіне айналған. Кәсіби дайверлер бұл «тас орманның» ішімен жүзу өте қауіпті екенін ескертеді.
Қапшағай тұңғиығындағы адам жейтін алып балықтар мен елестер туралы үрейлі әңгімелер — ешқандай ғылыми немесе ресми дәлелі жоқ, таза қиялдан туған аңыздар мен алып қашпа әңгімелер.


