Күнделікті жаттығулар жасау денсаулыққа оң әсер беретіні анық. Осы орайда SaqTimes басылымы нәзік жандылар мен егде жастағы азаматтар үшін арнайы ашылған тегін фитнес орталықтарды назарға ұсынады.
Әйелдерге арналған тегін фитнес
Өткен айда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Жамбыл облысы Аса ауылында әйелдерге арналған фитнес орталық ашылған болатын.
«Жамбыл Ақпарат» ресми желі парақшасында жария еткен ақпаратқа сәйкес, фитнес орталықтың ашылу салтанатына келген аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы келер жылы ардагерлерге де орталық салуға ниетті екенін айтқан.
«Әйел – отбасының ұйытқысы, қоғамның жарқын болашағы. Сондықтан, әрбір әйелге өз денсаулығына, сұлулығына мән беру, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беру – біздің басты мақсатымыз. Ауданда тек қыз-келіншектерге емес барлық жастағы тұрғындарға оның ішінде жастарға, түрлі салада еңбек ететін мамандарға сонымен қатар ардагерлерге де барынша жағдай жасаймыз. Келесі жылы ауданда «Ардагерлер орталығы» ғимаратын салуды жоспарлап отырмыз», – деді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.
Фитнес орталықта арнайы жаттықтырушы маман бекітілген. Күнделікті белгіленген кешкі уақытта ашық болады. Орталық нәзік жандылар үшін әрдайым қызмет етеді. Ең қуантарлығы, салауатты өмір салтын ұстанамын деген әрбір әйел азаматшаларға мұнда тегін жаттығуға болады.
Қарттарға арналған тегін фитнес
2023 жылы Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы «Alma city 5» тұрғын үй кешенінің аумағында қарттарға арналған «Сенім» тегін демалыс орталығы ашылды.
- Орталыққа келушілер келесі үйірмелерге қатыса алады:
йога және фитнес жаттығулары; - шахмат, шашки және домино ойындары;
- компьютерлік сауаттылық пен әлеуметтік желілерді үйрену;
- актерлік және хор әндері;
- отбасылық қатынастардың психологиясын түсіну;
- ақыл-ой қабілеттерін жақсарту.
«Сенім» орталығының ресми желі парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, бұл Qazaq Stroy компаниясының қарт адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік және қайырымдылық жобасы.
Жоба мақсаты — алматылықтарды, атап айтқанда, Алматы қаласы Наурызбай ауданының тұрғындарын, жасы бойынша зейнеткерлерді белсенді өмірге тарту, олардың физикалық денсаулығын нығайту және өмір сүру ұзақтығын арттыру.