Ғасырлар бойы Сырдың бойы мен Балқаштың қалың қамысын мекен еткен, қазақ даласының айбатына айналған Тұран жолбарысы — халқымыздың тарихында, мифологиясы мен мәдениетінде өшпес із қалдырған киелі жануар. Осыдан жүз жыл бұрын ғана Сыр бойындағы қалың тоғайлы ормандардың заңды әміршісі болған бұл жыртқышты халық ерекше қастерлеген. Ұл бала сергек, шымыр әрі сұлу болып туса, оған ырымдап «Жолбарыс» деп есім беру үрдісі де осы тамырдан бастау алады. Алайда, адам баласының бейберекет әрекеті, қарудың күші және табиғат тепе-теңдігінің бұзылуы ХХ ғасырдың ортасында бұл текті жыртқыштың жер бетінен, тіпті хайуанаттар бағынан да мүлдем жойылып кетуіне әкеп соқты.
Бүгінде Қазақстан даласында жолбарыстың дауысы қайта естіле бастады. Бұл — ертегі емес, жүйелі ғылым мен халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесі. Ресейден елімізге әкелінген Амур жолбарыстары Тұран жолбарысының тарихи отанын қайта жаңғыртуға үлкен үміт сыйлап отыр.
Тұран жолбарысы: сайын даланың символы
Тұран жолбарысы көптеген ғасыр бойы Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның Сырдария, Әмудария, Іле, Шу өзендерінің бойындағы қалың тоғайлар мен қамыстарды (тоғайлы ормандар) мекендеді.
Жолбарыстың бұл түрі өзге тұқымдастарынан ерекшеленетін. Терісінің түсі ашық қызғылт сары, ал денесіндегі қоңырқай реңкті жолақтары айқын әрі ұзын болатын. Қыста терісі қалыңдап, бауырындағы жүні үлпілдеп, өзге түрге енген. Салмағы 170–240 келіге дейін жетсе, дене тұрқы 2,7–3 метрді құраған. Жолбарыстар суды өте жақсы көрген, Сырдария мен теңіз бұғаздарын ені 10 шақырым болса да еркін жүзіп өткен.
Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Мәди Киреевтің зерттеулерінде ХХ ғасырдың басында Сыр бойында атып алынған орташа жолбарыстың өзі таңғаларлық өлшемге ие болғаны жазылған: дене тұрқы — 200 см, құйрығы — 98 см, салмағы — 181 келі, ал үстіңгі азу тістерінің ұзындығы 6,5 сантиметрге жеткен. Ғалым бұл сипатталған аңның ең ірі экземпляр емес екенін де атап өткен.
Қазақстан аумағында соңғы Тұран жолбарысы 1940-жылдардың соңы мен 1950-жылдардың басында Іле өзенінің аңғарында, Балқаш көлінің маңында жойылды деп есептеледі. Ресми түрде Дүниежүзілік табиғатты қорғау одағы (IUCN) бұл түрді 1970-жылдары «жойылған» деп жариялады.
Жойылудың басты себептері ретінде патшалық Ресей мен Кеңес өкіметі тұсында жолбарыстарды жаппай аулау, олардың негізгі азығы саналатын қабандар мен бұғылардың азаюы және өзен бойындағы тоғайлардың жойылып, мақта мен күріш алқаптарына айналуы секілді факторлар аталады.

Қазақ даласында жолбарыс көп болған. Олардың көзін кім жойды?
Жолбарыс – қазақтың сайын даласы үшін жат жануар емес, керісінше, бұл даланың ежелгі әрі заңды иесі. Музей жәдігерлерін былай қойғанда, бұл жыртқыштың біздің өлкемізді мекен еткенін айғақтайтын нақты тарихи, әдеби және құжаттық дәлелдер жеткілікті.
Ресейлік Араль экспедициясының (1848–1849 жж.) жетекшісі, лейтенант Алексей Бутаков 1851 жылы «Морской вестник» журналында бұл жыртқышты алғаш рет ресми сипаттап: «Аралдың оңтүстігіндегі қалың қамыстарда жолбарыстар мекендейді, олар бенгал жолбарыстарына өте ұқсас…» – деп жазды.
Жолбарысты алған хандар
Орта ғасырлар мен бергі замандағы билеушілердің жазбаларында жолбарыс аулау — ерекше ерлік пен айбындылықтың белгісі саналып, тарихқа хатталған.
Ұлы Моғолдар империясының негізін салушы Бабыр өзінің әйгілі еңбегінде Сырдария өзенінің бойында, әсіресе Сайрам мен Ташкент маңындағы қалың тоғайларда жолбарыстардың өте көп болғанын және оларды өзінің қалай аулағанын егжей-тегжейлі жазып қалдырған.
Ал ел аузындағы тарихи аңыздарда Абылай ханның жас күнінде (Сабалақ атанған шағында) Сыр бойының қалың қамысында, Сарысу өзені маңында елге маза бермеген алып жолбарысты жалғыз өзі қанжармен шығып өлтіргені айтылады. Бұл оның батырлығын дәлелдеп, кейіннен хан тағына көтерілуіне септігін тигізген.
Сырдың төменгі ағысындағы қазақтар жолбарысты тек аң емес, киелі рух деп санаған. Ел арасында: «Жолбарысты өлтірген адам өз әулетіне бақытсыздық шақырады, аңның терісін ауылға алып кіруге болмайды», – деген қатаң тыйым болған.
Егер аңшы немесе малшы өзін қорғау мақсатында жолбарысты өлтіруге мәжбүр болса, оның терісін өз ауылына апармай, бірден аймақтағы ең ықпалды, бай адамға сыйға тартқан немесе саудагерлерге өткізген. Халық жолбарыстың рухы түнде өкіріп, әйелдер мен балаларды шошытып, малды үркітеді деп қорыққан. Ал ауқатты адамдарға теріні беру себебі — олардың жолбарыс рухын тыныштандыру үшін үлкен мал сойып, құрбандық шалуға мүмкіндігі көбірек болған. Шындығында, бұл текті аңдар адамдарға немесе малға өте сирек шапқан. Тек қартайған немесе жарақат алған әлсіз жолбарыстар ғана амалсыз адамға жақындаған.
Қазақ фольклорында батырдың күшін, айбатын сипаттау үшін «жолбарыс» бейнесі тұрақты түрде қолданылады.
«Қобыланды батыр» жырында «Азуын айға білеген, Арыстан едім, жолбарыс…» – деген теңеулер халықтың бұл жануарды күнделікті көріп, оның мінезін жақсы білгендігн көрсетеді.
Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінде Исатай батырды сипаттағанда Нарын құмы мен Жайық бойындағы жыртқыштарды мысалға алады: «Жайықтың бойы жан тоғай, Жолбарыс салсам деп едім…». Бұл Батыс Қазақстан өңірінде де кезінде жолбарыстардың өмір сүргенін аңғартады.
Орыс саяхатшылары мен әскерилерінің ресми құжаттары
Генерал-губернатор Перовскийдің жорықтары (1853 жыл)
Қазақ даласында жолбарыстардың жойылуы Патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау кезеңімен тікелей байланысты. Оған қатысты тарихи деректер көп.
1853 жылдың шілдесінде орыс әскерлері Сырдария бойындағы Ақмешіт бекінісін алып, оны Форт-Перовский деп өзгерткеннен кейін, гарнизон офицерлері жолбарыстарды ақшалай сыйлық үшін аулауды қолға алды. Ресей әкімшілігі әрбір өлтірілген жолбарыстың терісі үшін алғашқыда 25 рубль, кейіннен бұл соманы 50 рубльге дейін өсірген. Әрбір форттың жанынан арнайы аңшылар командасы құрылды. Осы кезеңде орыс әскерлері Ақмешітті алуға бара жатқанда, қалың қамыстан шыққан жолбарыстардың атты әскерлерге шабуыл жасағаны, бірнеше сарбазды жаралағаны туралы ресми әскери есептерде (рапорттарда) тіркелген. Генерал Перовский отставкаға кетсе де, бұрынғы қол астындағылардан жолбарыс аулау сәттері туралы ақпарат жинап отырған. Соның бірінде Косарал жерінде ұсталып, аяусыз өлтірілген жолбарыс туралы жазба сақталған. Аңшы қолын зақымдамас үшін иығына дейін жүн арқандармен ораған. Ол жолбарыстың алқымынан алған, ал екінші аңшы осы кезде жыртқыштың қарнын қанжармен жарып жіберген. Сондай-ақ Қазалыға жер аударылған Орал казактары жолбарыстарды тормен, найзамен аулап, терісін сатып, етінен котлет жасаған кездері де тарих парақтарында қалған.
Жолбарыстарды аулау тәсілдері көп болған. Соның бірі әрі ең қорқыныштысын журналист Серік Әбікен өз мақаласында келтіреді.
«Ең қорқынышты және қазақ халқының жаужүректігін дәлелдейтін бір амал – сол қолды арқанмен орап, оң қолға қанжар ұстап жолбарыстың жатағына барып, қасқайып тұру. Жыртқыш тырнақпен осып жібермеуі үшін аңшының денесіне өгіз терісінен қабаттап көбе кигізеді екен. Аң атылғанда арқан оралған қолды тосып, шайнатады. Сонда қанжармен жарып жіберуге болады. Жыртқыш салмағына шыдамай бара жатса серіктері жедел жетіп селебе сілтеуі керек. Бұл – тәуекелді көп керек ететін айла. Сыр бойынан жолбарыс аулап жүрген сарбаздарынан қазақтардың бұл өлермендігін естігенде губернатор Александр Перовский қатты қайран қалыпты», — деп жазады ол.
Шоқан Уәлиханов пен Лев Бергтің жазбалары
Ұлы ғалым Ш. Уәлиханов Жетісу мен Қашқария сапарларында Іле өзенінің бойындағы жолбарыстарды сипаттаған. Ал 1857 жылы атақты географ Лев Берг «Морской сборник» журналында «О тиграх на берегах Сырдарьи» атты мақала жариялап, 1900-жылдардың басында Арал теңізі мен Сырдың төменгі ағысында бұл жыртқыштардың әлі де болғанын ғылыми еңбектерінде бекіткен. Берг былай деп жазды: «Ауылдар мен үйірлердің маңында жолақты жолбарыстар жүреді. Қамыстарда қабандар, Перовскінің маңында бұғылар өріп жүр». Капитан-лейтенант Ивашинцев те өз естеліктерінде матростардың жолбарыстар жартылай жеп, тастап кеткен бұғының өлігін тапқанын, оның айналасындағы қамыс тапталып қалғанын таңдана жазған.
Аяусыз аулау, тоғайларды өртеу және қабандардың азаюы
Қазақ даласын ғасырлар бойы мекен еткен тұран жолбарысы 100 жылдың ішінде (1860–1960 жж.) жойылып кетті. 1915 жылы ғалым Н. Зарудный жолбарыстардың Ақмешіттен төмен қарай әлі де кездесетінін, бірақ өрттер мен қабандардың азаюы олардың толық жойылып бара жатқанын әсер еткенін жазса, 1939 жылы зерттеуші А. Слудский Іле өзенінің дельтасында санаулы ғана жолбарыс қалғанын, соңғы 10 жылда тек 5-6 аң атылғанын тіркеген.

Журналист Серік Әбікенұлы Abai.kz басылымына жазған «Тұран жолбарысының тағдыры» мақаласында тұран жолбарысының жойылғаны туралы 1966 жылы «Наука» баспасынан атақты биолог-зерттеуші А.А. Слудскидің «Владыка джунглей» деген кітабындағы «Распространение и численность тигра в СССР» деген тарауынан мына деректерді келтірген:
– Қызылорда маңындағы жолбарыстар 1945 жылы толық жойылған, аңшылардан құтылғандары Торғай, Сарысуға қарай ауып кеткен.
– Талас пен Шу өзені бойындағы жыртқыштар шамамен 1937 жылы құрып бітіпті.
– Павлодар, Көкшетау, Ақмола бекіністері маңындағы, Тарбағатай, Зайсан, Қара Ертіс бойындағы аңдар ХІХ ғасырда-ақ құрыған.
– Жетісуда 1894-1899 жыл арасында әр жылы 10-16 жолбарыстан атып отырған. Соған қарамастан Балқаш-Алакөл аумағындағы жыртқыштар 1935 жылы да кезігіп тұрған. Ғалым ақырғы жолбарыстың ізін Балқаштың оңтүстік жағалауынан 1948 жылы да көріпті.
Жолбарыстар біздің елде ғана емес, әлемде де жойыла бастады. Айбатты жануар Қытайда (1920 ж), Грузияда (1922 ж), Иранда (1953 ж), Түркіменстанда (1954 ж) және Өзбекстанда (1968 ж) мүлдем құрып кетті.
Тұран жолбарысы орала ма?
Тұран жолбарысы жойылғанымен, ХХІ ғасырдың бұрылысында ғылым әлемді елең еткізген жаңалық ашты. Халықаралық ғалымдар тобы (оның ішінде Оксфорд университетінің зерттеушілері бар) Тұран жолбарысының мұражайларда сақталған сүйектері мен терілерінен ДНҚ үлгілерін алып, генетикалық талдау жасады.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей: Тұран жолбарысы мен қиыр шығыстағы Амур жолбарысының ДНҚ-сы 99%-дан астам сәйкес келген. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл екі кіші түр осыдан мыңдаған жылдар бұрын ортақ бабадан таралған және олардың арасында айтарлықтай генетикалық айырмашылық жоқ. Бұл жаңалық Қазақстан табиғатына жолбарыстарды реинтродукциялау бағдарламасына ғылыми жол ашып берді.
«Іле-Балқаш» резерваты және Ресейден келген Амур жолбарыстары
Қазақстан үкіметі Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) бірлесіп, жолбарысты қайтару бойынша ауқымды жобаны қолға алды. Бұл үшін Алматы облысында арнайы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Осы жоба аясында Ресейдің Қиыр Шығысынан Қазақстанға алғашқы Амур жолбарыстары ресми түрде жеткізілді. Жыртқыштарды елге әкелу жойылған экожүйені қалпына келтіруге жасалған маңызды қадам. Бағдарлама аясында жолбарыс азығын жасау үшін резерватқа тоғай бұғылары, құландар мен еліктер жіберіліп, олардың популяциясы бірнеше есеге арттырылды. Келген жолбарыстар бірден ашық табиғатқа жіберілген жоқ. Олар алдымен резерват аумағындағы бейімделу кезеңінен өтуде. Ғалымдар мен қорықшылар олардың денсаулығын спутник мойынбаулар мен фототұзақтар арқылы жіті қадағалап отыр.
Тұран жолбарысының тарихы — адамзаттың табиғатқа келтірген зиянының қасіретті мысалы. Амур жолбарыстарының Қазақстанға келуі — сол қателікті түзетуге жасалған ұмтылыс. Жолбарыстардың жаңа ортаға толық сіңісіп, алғашқы төлдерін беруі үшін жылдар қажет. Алайда, бүгінде Іле бойындағы қалың қамыстың арасынан жолбарыс ізі қайта көріне бастағаны — ертеңгі күнге деген үлкен үміттің отын жағады. Сыр мен Жетісудың байырғы иесі өзінің тарихи мекеніне қайта оралды, ендігі міндет — осы айбатты жыртқышты көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау.


