Он жыл бойы ол болашақ прокурорлар мен судьяларға қылмыстық құқықтан дәріс берді, ал бүгінде оны «Сайын даланың Андреа Бочеллиі» деп атайды. Бес жоғары білім мен феноменалды тенор иесі Ержан Нұрғалиев беделді академиялық кафедраны опера сахнасына алмастырып, өмірінде таңғажайып бетбұрыс жасады. Шын мәнінде байлық пәтермен емес, тыңдарманның махаббатымен өлшенетінін дәлелдеу үшін Тараздан Мәскеуге дейінгі жолды жүріп өткен әншінің өміріне saqtimes.kz тілшісі шолу жасады.
Ежелден көмеймен ән айту дәстүрі сақталып келген елде классикалық опера үні сирек кездесетін әрі таңғаларлық құбылыс. Шығармашылығында Шығыс пен Батыс мәдениетін қатар ұштастыра отырып, ерекше үнімен талайды таңғалдырған Ержан Нұрғалиев қазір қайда?
Дәріс залынан опера сахнасына дейінгі жол
Ержан Жамбыл облысында, Тараз маңында дүниеге келген. Музыкамен кәсіби түрде айналысқанға дейін оның ауыз толтырып айтатындай-ақ академиялық мансабы бар-тұғын. Бір басында бес жоғары білімі бар. Бесеуін де маңдай терін төгіп тұрып, күндізгі бөлімдерде оқып барып алған.
«Менің ең алғашқы мамандығым қандай болғанын дөп басып айту қиын. Алғашқы білімім — филологиялық, орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірдім. Одан кейін Қазақстандағы ең беделді заң мектебі — Гуманитарлық-заң университеті — ҚАЗГЗУ-ге түсіп, сонда оқытушылық қызмет атқардым. Негізінде, менің 5 жоғары білімім бар, барлығын күндізгі бөлімде оқып, алдым», — деп еске алады ол.
Он жыл бойы Нұрғалиев қылмыстық құқық және криминология кафедрасында дәріс берді, аспирантураны үздік аяқтап, диссертациямен жұмыс істеді. Студенттерінің арасында Қазақстанның бас прокурорлары, судьялары мен жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер бар еді.
Дегенмен музыкаға деген құштарлық өмірін түбегейлі өзгертуге себеп болды. Ол заңгерлікті Алматыдағы Ұлттық консерваторияда және Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА өнер академиясында білім алып, өнермен ұштастыру туралы шешім қабылдады.
Ұлы ұстаздар және «миллион адамда бір кездесетін ерекше дауыс»
Нұрғалиевтің әнші болып қалыптасуында әйгілі вокал педагогі Надия Шарипова (КСРО Халық әртісі Әлібек Дінішевтің ұстазы) маңызды рөл атқарды. Шарипова мүгедектер арбасына таңылғанына қарамастан, қатал әрі талғамы жоғары оқытушы еді. Көрші тұратын Ержан кез келген уақытта арбадағы ұстазын тасуға дайын тұратын.
«Біз өте жақын болдық, ол кез келген адаммен жұмыс істей бермейтін өте қатал мұғалім еді. Бірінші сабағымызда төбедегі шам теңселіп кетті. Сонда ол маған мұндай дауыс миллионнан бір адамда кездесетінін, бірақ алда бізді қыруар әрі ауыр жұмыс күтіп тұрғанын айтты», — деп еске алады әнші.

Консерваториядағы оның екінші тәлімгері аңызға айналған әнші, КСРО Халық әртісі Ермек Серкебаев еді. Бірақ белгілі бір себептермен Нұрғалиев бұл оқу орнын аяқтай алмады. Соған қарамастан, Шарипова да, Серкебаев та әлемнің ең үздік театр сахналарында өнер көрсете алуы үшін жас тенорға жазбаша ұсыныс хаттар жазып берген.
Ерекше дуэттер және танымалдылық
Ержан алғашқы жетістігіне төрт жасар ұлы Димашпен дуэтінің арқасында жетті. Олардың орындауындағы әйгілі «Time to Say Goodbye» әні мен оған түсірген клипі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жұлдызды отбасын көшеде тани бастады, ал кішкентай Димаш басқа да жас таланттардың сахнаға шығуына шабыт сыйлады.
Кейінірек әкесі мен ұлының жолы уақытша екіге айырылды: Димаш мектепке барды, ал Ержан театрлар мен концерт залдарында аншлаг жинай бастады. Оның Қазақстандағы мансабының шарықтау сәті Алматыдағы «Менің алғашқы махаббатым» фестивалінде сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаевамен бірге «Мне приснился шум дождя» әнін дуэт болып шырқауы еді.

Мұндай танымалдылықтң арқасында оған көптеген коммерциялық ұсыныс түсе бастады. Оларды қабылдаса, Ержан еш қиындықсыз пәтер ала алатын еді. Алайда Нұрғалиевтің мақсаты басқа екен.
«Бұл дуэт сұхбат басында айтып өткен ұстазымыздың арқасында жүзеге асты. Алғашқы дайындықтан-ақ даусымыз үйлесетіні айқын болды. Евгений Доганың аңызға айналған «Сон под шум дождя» композициясын орындадық. Әрине, бәрі тамаша өтті. Бұл маған, менің мансабыма, өміріме қаншалықты әсер етті? Күрделі сұрақ. Иә, маған Қазақстаннан пәтер сатып алуға және т.б. мүмкіндік беретін ұсыныстар түсе бастады. Бірақ сол сәттен бастап мен мансабымды өзіме қажет шарттармен, жаңа мақсаттармен және мүлдем басқа ынтамен жалғастырдым», — дейді әнші.
Мәскеудегі өмір және қазақстандық «Дауыс» шоуына қатысу
Тараздық тенор үшін келесі қадам Ресейді бағындыру болды. Мәскеу сахнасындағы жоғары бәсекелестік, алуан түрлілік Нұрғалиевті тоқтата қойған жоқ. Бүгінде Ержан Мәскеудегі Қазақстан Елшілігімен белсенді жұмыс істеп, ресми іс-шараларда өнер көрсетіп келеді. Оның жарқын жетістіктерінің бірі Карелия мемлекеттік филармониясында «Онего» орыс халық аспаптар оркестрімен бірге өнер көрсетуі болды, онда аймақ тарихында алғаш рет сахнадан қазақ халық әндері шырқалды.

«Мәскеуде тұру — бұл сенің айналаңда үнемі сан түрлі музыкантың, түрлі музыканың, концерттердің, театрлар мен спектакльдердің, түсінесіз бе, алуан түрлі музыкалық жанрлардың болуын білдіреді. Ал кез келген музыкант үшін кәсіби мамандардың ортасында болу маңызды. Сондықтан, кәсіби әрі сан алуан музыка әлеміне тап болғанда, әрине, дами түсесің. Осы уақыт ішінде көптеген жобаны жүзеге асырғанымның себебі де осы», — дейді Нұрғалиев.
Қазақстан азаматы бола тұра, Ержан Нұрғалиев ресейлік жұлдыздармен бірлесіп ән жазып, альбом шығарады. Оны Ресейдің Краснодар сеуілді қалаларына, Солтүстік Кавказға ұдайы шақырып тұрады және Ресейде сыйлы әнші, шоумен ретінде танымал.
Өмірлік пәлсапасы және алдағы жоспарлары
Ержан Нұрғалиев — көпбалалы отбасындағы тоғызыншы перзент. Өзін-өзі қалыптастырған тұлға. Қазақ тілінде бірнеше альбом және соңғы жылдары интернетте танымал болып келе жатқан 40-тан астам релиз шығарды. Оның әлеуметтік желілердегі парақшаларында жалпы алғанда 1 миллионнан астам оқырманы бар.

Әртістің қоржынында көптеген беделді марапат, олардың ішінде:
• «Ресей қазынасы» медалі (Кремльде табысталған).
• «Халықаралық дипломат, Бейбітшілік әншісі» атағы.
• «Планета дауысы» халықаралық байқауының Гран-приі бар.
Айта кету керек, шығармашылығында біршама жетістікке жеткенімен, орындаушының осы уақытқа дейін жеке автокөлігі де, пәтері де, жинаған қомақты қаражаты да жоқ. Материалдық игіліктерін түгендеудің орнына ол бар күшін артына із қалдыру үшін жұмсап жүр. Әндерін мұраға айналдыруды көздейді.
«Егер шығармашылығым қандай да бір мағынада әлемдік деңгейге көтеріліп келе жатқанын түсінсем, онда иә, әлемге танымал хит жазу — менің мақсатым. Миллиондаған немесе миллиардтаған адамға әсер ететін ән… Міне, бұл, меніңше, нағыз назар аударуға тұрарлық дүние және музыкант болмысының бар сұлулығын, жан дүниесін көрсетеді», — дейді әнші.
Қазіргі уақытта Ержан Ресейде жұмысын жалғастыруда. «Ұлым Димашпен қауышу-қауышпауым, Қазақстанға оралуым тікелей 2026 жылғы кәсіби табыстарыма байланысты», дейді ол.
Материалды қазақ тіліне аударған: Нұрлан Жанкелді
