Бүгін, 25 қыркүйекте – Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен бүгінгі күн жалпыұлттық аза тұту күні деп белгіленді, деп хабарлады saqtimes.kz.
«Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды», — делінген Ақордада жарияланған ресми хабарламада.
Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте оқу-жаттығу кезінде болды: екпінді жел мен ауа райының күрт бұзылуы салдарынан 17 сарбаз Каспий теңізіне кетіп қалған болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 сарбаз қаза тапты.
Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов марқұмдардың жақындарына қайғырып көңіл айтып, бұл оқиғаға қатысы барлардың ешқайсысы жазасыз қалмайтынын мәлімдеді.
«Біз қаза тапқандардың отбасыларымен тұрақты байланыстамыз және оларға барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіп жатырмыз», — деп қосты министр.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталуда. Кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылатын болады», — делінген министрлік хабарламасында.
Бұл қайғылы оқиғаға байланысты тергеу шеңберінде Қорғаныс министрлігінің бес бірдей лауазымды өкілі қамауға алынды.


