Қазақстан қалаларындағы ауа сапасы барған сайын нашарлап, өзекті мәселеге айналған. Жағдай әсіресе қай жерде қиын, экология неге нашарлайды және онымен қалай күресуге болады? Бұл сұрақтарға Kazinform жауап іздеп көрді.
Экология министрлігі мен Қазгидрометтің жаңа деректері көңіл көншітпейді: қалалардың кейбірі ауасының ластығы бойынша бір орында тапжылмай тұр, енді бірі өте жылдам солардың қатарына қосылып жатыр. Осыған дейін антирейтингтің басында тұрған Өскемен мен Теміртау біріншілікті бүгінде Астанаға берген.
Қазгидрометтің ақпаратына сәйкес, соңғы бес жылда ауаның ластануының тұрақты жоғары деңгейі Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Теміртау, Өскемен және Астанада тіркелген. Ауа сапасының нашарлауына өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындылары, жылу электр орталықтарының жұмысы, ескірген тазарту қондырғылары және автомобиль себеп. Осыған байланысты, мысалы, елордада ауа PM-2,5 және PM-10 бөлшектерімен, көміртегі оксидімен және азот диоксидімен уланған. Қарағанды, Теміртау және Өскеменде оларға күкірт диоксиді, аммиак, күкіртсутек, фенол және басқа да зиянды қосылыстар қосылады.
2025 жылдың ақпаны бұған дейінгі антирейтингті тағы бір мәрте растады. Ластану деңгейі «өте жоғары» қалалардың тізіміне Алматы, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Талғар және Сәтбаев кірді. «Ластанудың жоғары деңгейі» санатына Астана, Өскемен, Түркістан, Жітіқара, Құлсары, Жаркент және Кеңқияқ кенті енді. Ал «ластану деңгейі жоғары» елді мекендердің ішінде Ақтау, Ақтөбе, Семей, Петропавл, Шымкент және тағы 16 қала болды.
Неліктен астаналықтар тұншығып жатыр?
Антирейтингке елорданың кіруі таңқаларлық жағдай. Астана өнеркәсіп орталығы болмаса да, ауасының сапасы жағынан ірі индустриалды қалаларға сәйкес. Бұған дейін Астана газдалған мегаполистердің жолын қайталамайтындай көрінді, өйткені, қалада үнемі жел соғады, әрі ірі зауыттар мен металлургиялық алыптар жоқ. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты: тығыз құрылыс, автокөлік санының қарқынды өсуі және жеке сектордың көмірді пайдалануы ауаға әсер етпей қоймады.
Өнеркәсіп те бұған өз үлесін қосып жатыр. Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының деректеріне сәйкес, қалада жылына 138,7 мың тонна ластаушы заттар шығаратын 2 813 кәсіпорын жұмыс істейді. Машиналардың саны қазірдің өзінде 347 мыңға жетті, ал пешпен жылытылатын жеке үйлер – 33 585, оның 80% көмірді пайдаланады. Желсіз тынық күні шығарындылардан қала түтінге оранады.
Экология министрлігі газдандыру арқылы жағдайды жақсартуға болатынын растап отыр.
«Елорданың негізгі нысандары — ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 қазір газбен жұмыс істейді, бұл олардың шығарындыларын 2021 жылғы 55,4 мың тоннадан 2023 жылы 39,2 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ететін 20-дан астам автономды қазандықтар газға қосылған. Алайда, жеке секторда әлі де көмір қолданылады. Бұл суық мезгілде ауаға қатты әсер етеді. Біз отын сапасына бақылауды күшейтіп, сонымен қатар экологиялық көлікті дамытып жатырмыз: қазір қалада мыңнан астам электр көлігі бар», — деді экология министрлігінде.
Бірақ, жеке үйлер газға көшіп, жолдардағы кептелістер азаймайынша, таза ауа мәселесі Астана үшін өзекті болып қала береді.
Мемлекеттік деңгейде не істеліп жатыр?
2025 жылдан бастап Қазақстан экологиялық талаптарды қатаңдатады: елдің 28 ірі кәсіпорны үшін шығарындылар, төгінділер және қалдықтарды көму үшін төлемақы мөлшерлемелері екі есеге ұлғайды. Елімізде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындыларына мониторинг жасаудың автоматтандырылған жүйесін орнату жұмысы аяқталуға жақын.
Қазірдің өзінде 91 кәсіпорынның 72-сі жүйеге қосылған, ал талаптарды сақтамағаны үшін 36 компанияға 17,3 млн теңге айыппұл салынды. Бұл әкімшілік жазаның бір бөлігі ғана.
Алайда сарапшылардың пікірінше, айыппұл салу арқылы мәселе шешілмейді. Кешенді тәсіл қолға алынуы қажет, олар: газдандыру, өнеркәсіптік шығарындыларды қатаң бақылау, экологиялық көлікті дамыту және кәсіпорындарды жаңғырту. Егер бұрын экологтар жекелеген қалаларға қатысты мәселе көтеріп, дабыл қағатын болса, қазір ол жалпыұлттық сипатқа ие болды. Өйткені бірқатар қалада ластану қауіпті деңгейге жетті және жедел әрекет етуді қажет етеді.