Мемлекет басшысы 2025 жылғы үшінші наурызда «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл заңда қандай артықшылықтар қарастырылғанын SaqTimes басылымы назарға ұсынады.
Целиноград ауданының әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.
Құжат:
- қаланың тарихи-мәдени ескерткіштері мен нысандарын басқарудың, сақтаудың және тұтастығын қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құруға;
- Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның қорғау аймағындағы ескерткіштерге археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жоспарлауға және басқаруға;
- тарихи-мәдени мұраны сақтауға, дамытуға, қайта жаңғыртуға және ұлттық қолөнерді дәріптеуге;
- қаланың тарихи-мәдени нысандарын қорғау және пайдалану жөнінде қабылданған шешімдерді ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.
Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.
Шаһар аумағында археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылады.
Қалада жайлы орта құру, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылымдарды қолжетімді ету және инклюзивті туризмді дамыту маңызды бағытқа айналады. Бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қаланы қолайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді.
Қаланың дамуын тиімді басқару үшін Түркістан әкімдігі мен мәслихаты қосымша өкілеттікке ие болады. Сол арқылы шешімдерді қабылдау үдерісі жеделдейді, тарихи-мәдени нысандарды сақтауға бақылау күшейеді және қаланың бірыңғай дизайн коды енгізіледі. Өз кезегінде мемлекеттік бақылау қолөнер шеберлерін қолдауға, көлік транзитін реттеуге және қаланың тарихи бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.
Qazaqstan.tv ақпаратына сенсек, енді мемлекеттік қажеттіліктер үшін алынған жерлерді уақытша жеке құрылыс компанияларына мектеп, аурухана және балабақша салу үшін пайдалануға болады.
Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында туризм нысандарын салу және жаңарту, жол бойындағы сервисті дамыту және жолаушылар автобустарын сатып алу шығындарының бір бөлігі өтелмек.
Сонымен қатар қолөнер шеберлеріне субсидия беріле бастайды. Бұл кәсіппен қалада 30-дан астам адам айналысады. Олардың жұмысын қолдауға шамамен 90 млн теңге қажет. Былтыр Түркістанға 1 миллионнан астам турист келген. Жаңа бастамалар бұл көрсеткішті жылына 2 миллионға дейін жеткізуге көмектесуі керек.
Сондай-ақ заңға сәйкес Түркістан қаласы кәсіпкерлерінің туристтік мақсатта сатып алған көлік құнының 25%-ы, салынған туристтік обьектілердің шығынының 10%-ы жергілікті бюджет есебінен субсидияланатын болады. Бұл жайлы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбек atameken.business бағдарламасының авторы @meiramgulmadali-ге берген сұхбатында айтты.