Бүгін, 20 наурызда Дүниежүзілік ауыз қуысының денсаулығы күні атап өтіледі. Осыған орай SaqTimes басылымы «Болашаққа — сау тіспен» атты мемлекеттік бағдарламасы туралы бірқатар мәліметті назарға ұсынады.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында ұсынған мәліметке сәйкес, мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарындағы балалардың ауыз қуысын профилактикалық қарап-тексеру жыл сайын 2 жастан 17 жасқа дейін жүргізіледі.
Өткен жылы Министрлік 2024-2028 жылдарға арналған «Болашаққа – сау тіспен» бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында мектеп жасындағы балалардың стоматологиялық ауруларының профилактикасын жетілдіру мақсатында республика бойынша 145 стоматологиялық кабинет ашылды.
2025 жылы тағы 195 стоматологиялық аурулардың профилактикасы кабинетін ашу жоспарланып отыр.
Qazaqstan.tv арнасының тілшісі Динара Жарқынбек ұсынған ақпаратқа сәйкес, мұндай кабинеттерде тіс дәрігері ауыз қуысының парадонт, стоматит ауруларын алғашқы сатысында анықтап, емдік шаралар өткізеді.
Мектептегі тіс дәрігерлерінің мақсаты, тіс жегісі мен олардың асқынулардың алдын алу. Балаларды ауыз қуысы гигиенасына, тіс щеткасын дұрыс таңдай білуге үйрету.
«Мектептегі кабинеттерде тек колледж бітірген дэнтисттер мен гигиенист дәрігерлер отырады. Олар тіс ауруларының жеңіл түрлері бойынша профилактикалық ем-дом жасайды. Ал күрделі тіс ауруларын емханалардағы стоматологқа жібереді», — дейді Жамбыл облыстық стоматологиялық емханасының терапия бөлімінің меңгерушісі Сәуле Нұрмағамбетова.
«Бұл жоба әзірше 2024-2028 жылға жоспарланып отыр. Үкімет есебінен, яғни МӘМС арқылы қаржыландырылмақ. Бұл көмекпен барлық оқушы қамтылады. Оқу жылының басында барлығы бір тексеруден өтіп, ауру анықталған бала белгіленіп отырады. Өйткені, тісінде проблема бар оқушыны әр 3 ай сайын тексереді», — дейді Денсаулық сақтау министрлігінің тәуелсіз өкілі, бас тіс дәрігері Сәуле Есембаева.
Жобаның іске асырылуына бірнеше себеп бар. Балалар дұрыс тамақтанбайды. Жұмыстан босамайтын ата-ана көп жағдайда баланың тіс дертіне мән бере бермейді. Кез келген ауруды ерте сатысында анықтаса, оны емдеу әлдеқайда оңай болады дейді мамандар. Әрі тіс ауруларын 40 пайызға төмендетуге мүмкіндік болмақ.
Кабинеттер стоматологияға қажетті жабдықтармен толық қамтылады. Ем-шара тегін жүргізіледі.